Бір аят тәпсірі Мақалалар

Бақара сүресінің 28, 29-аяттары

كَيْفَ تَكْفُرُونَ بِاللَّهِ وَكُنْتُمْ أَمْواتاً فَأَحْياكُمْ ثُمَّ يُمِيتُكُمْ ثُمَّ يُحْيِيكُمْ ثُمَّ إِلَيْهِ تُرْجَعُونَ 28 هُوَ الَّذِي خَلَقَ لَكُمْ ما فِي الْأَرْضِ جَمِيعاً ثُمَّ اسْتَوى إِلَى السَّماءِ فَسَوَّاهُنَّ سَبْعَ سَماواتٍ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ 29

28.(Әй, кәпірлер!) Аллаға қалай сенбейсіңдер? Әуелде жансыз едіңдер, Ол сендерге жан бітіріп, өмір сыйлады. Кейін ажалдарың келгенде сендерді өлтіреді де, содан соң қайтадан тірілтеді. Содан кейін (жауапқа тартылу үшін) түгелдей Оның дәргейіне қайтарыласыңдар.
29.Ол – жердегі (яғни, жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты. Содан соң (қалауы мен құдіретін) көкке бағыттап, оны жеті қабат аспан етіп мінсіз жүйеге келтірді. Ол – барлық нәрсені толықтай білуші.

Әй, кәпірлер! Сендерді түсіну қиын. Сендер қалай Алланың барлығын және оның құдіретін жоққа шығарасыңдар? Ол сендерді өлімнен кейін тірілтіп, бұл дүниеге әкелмеді ме? Ол жайлы Алла Тағала құранда былай дейді: «Раббың Адамның бүкіл ұрім-бұтағының беліндегі ұрпақтарын шығарып алып, оларды өз-өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?», – дегенде, барлығы бірауыздан: «Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз!», – деп жауап берді. Біз мұны қиямет күні: «Расында, біз бұдан бейхабар едік», – деп сылтау айтпауларың үшін істедік ». Сосын сендерге нығметін толықтырмады ма? Ол сендерге ақыл, сезім сияқты өмір сүрулеріңе керек ең қажетті қабілеттерді берді. Сол сияқты ризық-несібелеріңнен де айырмады. Сосын дәм-тұздарың таусылғанда сендерді қайта өлтіреді. Содан кейін «қайта тірілу» күні сендерді қабірлеріңнен қайта тірілтеді. Сол кезде дүниеде істегендеріңе есеп беріп, сыбағасын алу үшін Алланың алдына барасыңдар.
Міне осы екі өлім мен екі өмір сендердің күпірлікте жүрулеріңе, сондай-ақ пайғамбарды мойындамауларыңа ешқандай сылтау қалдырмайды.
Осылайша Алла Тағала бұл аятта өзінің бар екенінің дәлелі ретінде адамның өз жаратылысын алға тартып, оның өмірге келіп-кету барысына назарын аудартса, ендігі аятта өз барлығына және құдіретіне аспан мен жердің және олардың арасындағылардың жаратылысын дәлел етеді.
Ол – жердегі (яғни, жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты.
Адамның өмір сүруге қабілетті болып жаратылуы бір нығмет болса, Алланың оған өмір сүруіне қажеттіліктерін жаратуы тағы бір нығмет. Алайда аяттағы «бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты» деген сөз, әр нәрсені шексіз, шартсыз пайдалану деген мағынаға келмейді. Барлық нәрсе адам үшін жаратылғанымен олардың барлығын тікелей қалағанынша пайдалана алмайды, тек белгілі бір шарттармен шариғаттың шеңберінде ғана қолданады. Мысалы: өмір сүру үшін адамға мал-дүние жинау рұқсат етілген. Алайда Алла бұл мәселеде кейбір шектеулерін қойған. Мысалы: «Һәм олардың (жетімдердің) мал-мүлкін өз мал-мүліктеріңе қосып алып, жемеңдер. Шүбәсіз, бұлардың әрбірі үлкен күнә болып табылады ».
Сол сияқты тағы бір тоқтала кететін мәселе «бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты» деген сөзден «әрбір нәрсе әрбірің үшін жаратылған» деген мағына шықпайды. Алла Тағаланың жер бетіндегі ризығы барлығына теңдей бөлінуі шарт емес. Аяттың мағынасы «барлық нәрсе барлығың үшін» деген мағынада. Яғни, жалпы жер беті адамзатқа жаралған. Алайда иемдену тұрғысынан азды-көпті айырмашылық болады.
Содан соң (қалауы мен құдіретін) көкке бағыттап, оны жеті қабат аспан етіп мінсіз жүйеге келтірді. Ол – барлық нәрсені толықтай білуші.
Алла Тағала алдымен жерді жаратып, содан кейін барып, аспанды жаратқан. Оған Құранның басқа да аяттары дәлел бола алады. мысалы: «9. Оларға: «Сонда сендер жер бетін екі күнде жаратқан Алланы, шынымен, жоққа шығарып, Оған өзгелерді тең тұтасыңдар ма?! Ол күллі әлемнің, күллі жаратылыс атаулының Раббысы! » «Сөйтіп, Ол (газ бұлты күйіндегі тұмандық) көкті екі күнде жеті қат көк етіп толық қалыптастырды да, әр аспанға өз ісін білдіріп, аян берді ».
Алайда тағы бір аятта бір қарағанда бірінші аспан жаратылғандай көрінеді:
«27. (Уа, адамдар! Ақылға салып ойланбайсыңдар ма?) Сендерді жарату қиын ба, жоқ әлде, аспан әлемін бе?! Оны Алла тұрғызды!
28. Алла оны (тіреусіз) биік күмбез етіп көтерді һәм мінсіз, толыққанды жүйеге келтірді.
29. Тас қараңғы түнін бірте-бірте сейілтіп, күн сәскесін шығарды (яғни, таңын атырып, жер-әлемді жарыққа бөледі).
30. Содан кейін жерді (тұрақтап, тіршілік етуге қолайлы етіп) жайды »
Алайда, бұл аятта «Содан кейін» сөзі уақытты білдіріп тұрған жоқ. Бұл тіркестің бұл жердегі мағынасы «тағыда» деген мағынада. Яғни «аспанды ғана емес, тағы да жерді де жаратты» Мұндай мысалдар арап тілінде көп. Мысалы мына өлең жолында:
قُلْ لِمَنْ سادَ ثُمَّ سادَ أبوه ثُمَّ قَدْ سادَ قَبْلَ ذلك جَدُّهُ
Айт ана бастыққа! Содан кейін оның әкесі тіпті ертеректе оның атасы да бастық болғандар еді ғой?
Араптың бұл өлең жолындағы «содан кейін» деген тіркесінің «тағы да» мағынасында тұрғанын байқауға болады. Яғни өлеңнің мағынасы: «Айт ана бастыққа! Бастық демекші тағыда оның әкесі де, тіпті ертеректе оның атасы да бастық болғандар еді ғой?» деген түсінік береді. Мұндай мысалдар жай тұрмыстық жағдайда да кездеседі. Мысалы: «таң намазына тұра алмай қалған адамға «кеше ерте жатқан сияқты едің, қалайша намазға ұйықтап қалдың? Содан кейін сен кеше түсте де ұйықтап алып едің ғой, мұның қалай?» дегеніміз сияқты. Бұл мысалда «содан кейін» тіркесі кейін емес ертерек болған нәрсені білдіруде. Жоғарыдағы Назиат сүресінің 30-аятында «содан кейін» тіркесі дәл осындай мағына береді.

Тəпсірді қазақшаға тəржімалаған: Еркебұлан Сейітжанұлы

 

Ағраф сүресі 172

Ниса сүресі 2

Фуссыйләт сүресі 9-аят

Фуссыйләт сүресі 12-аят

Назиғат сүресі 27,28,29,30-аяттар

 

Пікір жазу